Сенат депутаты Көлік министрлігінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасына қатысты есеп беруді сұрады
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Көлік дәлізін (Жамбыл облысы) қайта жаңарту жобасы бойынша Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.
«Кезінде батыс пен шығысты жалғап жатқан Жібек жолын қазіргі заманға сай қайта жаңғырту, елімізді халықаралық сауда жолының үлкен дәлізіне айналдыру - Елбасының алға қойған маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізін салуға байланысты парламент соңғы екі жылда бірнеше миллиардтаған долларды құрайтын келісімшарттарды қабылдады. Ендеше осы бағытта жұмыстар қалай орындалып жатыр? Қаражат игерілмей жатқан секілді. 2012 жылы бітеді деп жоспарланған учаскелер 2013 жылға созылып, Елбасының берген тапсырмасы орындалмай жатқан тәрізді деп түсініп отырмын», - деді Қ. Айтаханов. Сенатор дәліз жобасы бойынша жер телімдерінің уақытында сатып алынбағанына алаңдаушылық та білдірді. «Үкіметте бірнеше мәрте осы мәселе қаралды. Содан бері жергілікті атқарушы орган министрлікке сілтесе, министрлік жергілікті әкімдікке сілтейді. Бұл аса маңызды жобаны жүзеге асыруға кедергі болып отыр. Сондықтан, Көлік және коммуникация министрлігі Парламент алдында да есеп беру керек шығар», - деді сенатор.