Сенат депутаты өңірлік рәміздерді жасау мен қолданудың бірыңғай ережелерін бекітуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп облыстық деңгейде геральдиканы қолдануды реттейтін нормалардың болмауын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат депутаты өңірлік рәміздерді жасау мен қолданудың бірыңғай ережелерін бекітуді ұсынды

Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында Н. Жүсіп облыстар мен қалалардың елтаңбалары азаматтардың патриоттық санасын дамытуға ықпал ететінін айтты. Бірақ бұл сала еш заңмен реттелмеген.

Депутаттың айтуынша, әкімдіктерді өңірлік рәміздерге қатысты мемлекеттік стильді сақтауға және жүзеге асыруға міндеттейтін бірыңғай ережелер мен әдістемелік нұсқаулар жоқ.

«Мәдениет және спорт министрлігінің 2015-2022 жылдары жүргізген мониторингтері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінің әлі дұрыс реттелмегенін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстандағы 20 облыстың 13-інде, 3 мегаполисте, 186 ауданның 137-інде, 89 шағын қаланың 33-інде өз рәміздері бар. Бірақ өңірлік рәміздерді бекіту тәртібі заңмен реттелмеген», -деді сенатор.

Депутат бұл олқылықтың орнын толтыру үшін өңірлік рәміздерді бекіту, қолдану, орнату, орналастыру және пайдалану бойынша нормативтік-құқықтық актілер мен нұсқаулықтарды қабылдау маңызды екенін атап өтті және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.




Фото: senate.parlam.kz