Сенат депутаты: Референдум - билік пен халық арасындағы алшақтықты жоюдың жолы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 5 маусымда Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтеді. Бүгін аталған саяси шараға қатысты үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарының соңғы күні. Осы орайда референдум мен оның маңыздылығына қатысты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент референдум өтетіні туралы жариялағаннан кейін депутаттар өңірлерді аралап, 1 ай бойы халық арасында түсіндіру жұмыстарын өткіздік. Конституцияға қатысты саяси өзгерістер мен рефорламаларды біз 2017 жылы қолға алдық. 2019 жылы өзгерістер мен реформалар жалғасын тапты. 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтеді, сондықтан оның жөні мен маңызы бөлек. Референдум - билік пен халық арасындағы алшақтықты жоюдың жолы. Мемлекет басшысы халыққа арналған әр жолдауында саяси реформалардың маңыздылығы туралы үнемі айтады. Осы орайда референдумнан күтетін үміт зор», - деді Нұрлан Бекназаров елордадағы Еуразия ұлттық университетінің жұртшылығымен кездесу барысында.

Сенат депутатының айтуынша, билік пен халық арасында өзара сенімнің болуы елдің одан әрі дамуы үшін маңызды. Бұл орайда халық елде болып жатқан саяси реформалар мен өзгерістерге белсене араласып, өз үнін жеткізгені жөн.

«Сол сияқты мемлекеттің саяси және экономикалық тұрғыдан ілгерілей түсуіне ішкі жағдаймен қатар сыртқы жағдайда әсер етеді. Соңғы уақытта әлемдегі геосаяси жағдай аса мәз емес, оны өздеріңіз біліп отырсыздар. Алпауыт елдердің өзі теңселіп жатыр. Бұдан бөлек, пандемияның салдары әлі толық жойылған жоқ. Сондай-ақ, биылғы Қаңтар оқиғасынан да хабарларыңыз бар. Жоғары аталған жайттардың барлығы әр мемлекетке белгілі бір деңгейде әсерін тигізеді. Жаһандық және ішкі саяси жағдайлар ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді дәл қазір қабылдау керектігін көрсетіп отыр. Өз елімізге келсек, Мемлекет басшысы саяси шешімдерді уақытылы қабылдап жатыр. 5 маусымда өтетін референдум соның куәсі», - дейді ол.

Сондай-ақ, халық қалаулысы қазақстандықтар референдумға қатысқанда «дауыс беруім керек» деп қана емес, оның маңыздылығына мән беру керектігін тілге тиек етті.

Айта кетсек, бүгін елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Конституциялық реформалардың жаңа Қазақстан үшін маңыздылығы» атты жиын өтті.

Аталған шараға Сенат депутаты, аталған жоғары оқу орнының оқытушылары мен белсенді жастары қатысты.


Соңғы жаңалықтар