Сенат ЕАЭО-да ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тануға қатысты заңды мақұлдады

ғылым
Фото: nim.media

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Келісімге сәйкес философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы сияқты ғылыми дәрежелер туралы құжаттар растаусыз танылады. Мұндай құжаттардың иелері ғылыми дәрежесі үшін үстемеақы талап еткен жағдайда ерекшелік қарастырылған. Сондай-ақ заң нормалары ғылыми кадрлармен алмасуды ынталандыруға және ЕАЭО-ға мүше елдердің білім беру жүйелерін интеграциялауға, университеттер мен зерттеу институттары арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға арналған.

«Заңның негізгі мақсаты - 2023 жылғы 8 маусымда Сочи қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау. Бұл келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежелерін олардың аумағындағы еңбек көші-қоны аясында тануды көздейді және білім беру, ғылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Қазірге дейін ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды тану үшін жұмысқа орналасатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген білім туралы құжаттарды тану рәсімдерін жүргізу талап етілді. Осы орайда, Келісім еңбек көші-қоны аясында ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың иегерлерін оларға берілген ғылыми дәрежелерге сәйкес жұмысқа орналасатын мемлекетте кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін өзара тануға байланысты сұрақтарды реттейді. Мәселен, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы, яғни ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың иелері ғылыми дәрежесі үшін жұмысқа орналасатын мемлекетте белгіленген үстемеақыларды талап ететін жағдайларды қоспағанда, ұлттық тану рәсімдері жүргізілмей, сәйкес деп танылады», - деді сенатор Алтынбек Нухұлы.

Заң аясында ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың түпнұсқалылығын тексеру және басқада растау мәселелері бойынша ақпарат алмасуы регламенттеледі. Еңбек көші-қоны шеңберінде азаматтардың ғылыми дәрежесін автоматты түрде тану механизмдері қарастырылған. Келісім ЕАЭО кеңістігінде еңбек ресурстарының еркін қозғалысын қамтамасыз ету арқылы еңбек нарығын нығайтуға бағытталған, сондай-ақ азаматтардың кәсіби қызметіне қол жеткізуге қолайлы жағдайлар жасайды.

«Қорыта айтқанда, Заң - ғылыми кадрлармен алмасуды ынталандырады және ЕАЭО-ға мүше елдердің білім беру жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз етеді, университеттер мен зерттеу институттары арасындағы ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Заңның қабылдануы теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарларға, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржылық шығындарға алып келмейді», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар