Сенат ЕАЭО-да медициналық заттардың тапшылығын жоюға бағытталған заңды мақұлдады

Сенат ЕАЭО елдеріндегі аудиторлық қызметке арналған заңды мақұлдады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Заң Евразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағында медициналық мақсаттағы заттар мен медициналық техниканың айналымын үйлестіру саясатын жүргізуге бағыталған. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында медициналық бұйымдардың ортақ нарығының жұмыс істеуі 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шарт пен 2014 жылғы 23 желтоқсандағы ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар айналымының бірыңғай қағидалары туралы келісімге, сондай-ақ медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы Еуразиялық экономикалық комиссияның ( ЕЭК) актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа медициналық заттарды тіркеу тек аталған ЕАЭО ережелері бойынша жүзеге асырылуы тиіс болатын. Алайда, ауыспалы кезеңнің аяқталуына медицина нарығының дайын еместігі туралы бизнес-қоғамдастықтың тиісті өтініші болды. Сондықтан 2022 жылдың соңында ЕЭК Алқасы Ұлттық қағидалар бойынша медициналық бұйымдарды тіркеу рәсімін 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы хаттама жобасын әзірледі және мақұлдады. Осы орайда Заң ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасының талаптары бойынша медициналық бұйымдарды тіркеу мерзімін ұзартуды көздейді. Бүкіл әлемде медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігінің параметрлері мемлекеттік деңгейде бақыланады. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы медициналық бұйымдарды міндетті түрде мемлекеттік тіркеуді және тіркеу куәлігін алуды талап етеді. Сондықтан Хаттама нормалары ЕАЭО аясында денсаулық сақтау саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты тереңдетуге, қауіпсіз, сапалы және тиімді медициналық бұйымдарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде медициналық бұйымдар тапшылығының туындау қаупін жоюға бағытталған», - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Депутаттың айтуынша, құжат теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкелмейді, қосымша қаржы шығындарын талап етпейді.

Соңғы жаңалықтар