Сенат ЕАЭО елдеріндегі аудиторлық қызметке арналған заңды мақұлдады

Сенат ЕАЭО елдеріндегі аудиторлық қызметке арналған заңды мақұлдады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform. 

«Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы бекітілген аудит саласындағы қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру жөніндегі жоспарын іске асыру үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясында аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісім әзірленді. Келісімге Мемлекет басшылары 2022 жылғы 19 сәуірде Мәскеу қаласында қол қойды. Келісімнің мақсаты – ЕАЭО-да аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру, қабылдаушы елде қосымша мекеме ашпастан, шектеулер мен ерекшеліктерсіз аудиторлық қызметтерді көрсету және алу, аудиторлардың біліктілік аттестаттары мен аудиторлық қорытындыларын өзара тану», - деді сенатор Серік Өтешов.

Оның айтуынша, келісім аудиторларға, аудиторлық ұйымдарға, емтихандарға, сапаға сыртқы бақылауға және аудиторлық қызмет стандарттарына бірыңғай талаптарды айқындайды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыруға және реттеуге бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді. Айта кету керек, бұл Келісім бизнестің мүмкіндіктерін, аудиторлық компаниялардың тиімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді әрі жалпы қызметтің дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге, отандық аудиторлық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне әсер етеді.

«Қазақстан үшін аудиторлық қызметті ішкі реттеудің кейбір ерекшеліктері Келісімнің 32-бабында ескерілген. Бұл ерекшеліктер қазақстандық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың құқықтарына қысым жасамауға мүмкіндік береді. Келісім екі сатыда күшіне енеді. Біріншіден, ратификациялаудан кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын құрудың ұйымдастыру мәселелеріне арналған баптар жұмыс істей бастайды. Екіншіден, бірыңғай нарық аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді іске асыру үшін әзірленетін және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін айқындайтын аудит саласындағы әкімшілік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан кейін, ЕАЭО-ның Жоғары кеңесінің шешімімен айқындалған күннен бастап жұмыс істей бастайды. Заңды ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар