Сенат экологиялық мәселелер бойынша өзгеріс енгізілген жобаны Мәжіліске жіберді

ТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады. Құжатқа сенаторлар тарапынан бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен жоба Мәжіліске қайтарылды.

Сенат экологиялық мәселелер бойынша өзгеріс енгізілген жобаны Мәжіліске жіберді

Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы экологиялық таза өндірістерді дамыту, қоршаған орта эмиссияларының көлемін азайту, сондай-ақ экологиялық құқық бұзушылықтарға қарсы тиімді әрекет ету мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжат нормаларымен экологиялық құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін жауаптылықты күшейту көзделеді. Осыған орай, заң жобасымен бірқатар қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл ретте Экологиялық кодекске енгізілетін өзгерістер парниктік газдарды түгендеуге қойылатын талаптарды нақтылайды. Шығарындыларды есепке алуды жүргізу мен кадастрларын әзірлеуге қойылатын талаптарды ретке келтіреді. Парниктік газдар шығарындыларына квота бөлудің жаңа тетігін енгізеді. Бұдан бөлек, заң жобасымен жинақталған қалдықтардың көлемін азайтуды ынталандыру мақсатында Салық кодексінде қалдықтардың жинақталған көлемі үшін төлем алудың жаңа тетігін қолдануды айқындайтын нормалар көзделіп отыр.

Құжатты талқылау барысында сенаторлар тарапынан бірқатар түзетулер жасалды. Олардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында болып табылады.