Сенат Экспорттық-кредиттік агенттік туралы заңды мақұлдады

Сенат қазақстандық өндірушілердің шикізаттық емес тауарларын сыртқы нарықтағы экспортын Экспорттық-кредиттік агенттік арқылы дамытуды көздейтін заңды мақұлдады, деп Kazinform. 

Сенат Экспорттық-кредиттік агенттікке арнайы құқықтық статус беруді қолдады
Фото: egemen.kz

Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

«Экспорттық-кредиттік агенттік сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыратын қорғаныс қызметін көрсететін болады. Сақтандырумен қатар мемлекеттік кепілдендіруді және сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, шартты турде салымдар арқылы экспорт алдындағы және экспорттық сауданы қаржыландыру, сондай-ақ қаржы агенттігінің функцияларын жүзеге асыру көзделеді. «Сақтандыру қызметі туралы» Заң ЭКА-ға қолданылмайды», - деді заңды екінші оқылымда таныстырған сенатор Серік Шайдаров.

Оның айтуынша, заңда Экспорттық-кредиттік агенттігімен үлестес тұлғаларға жеңілдіктер беруге тыйым салынған.

«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңға өзгерістерде ЭКА-ны қаржы мониторингі субъектілеріне жатқызу ұсынылады. ЭКА өзі үшін субсидиялау және кепілдік беру сияқты қолдау шараларының жаңа түрлерін жүзеге асыратынын назарға ала отырып, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Сенат отырыстарында ЭКА қызметі мәселелері бойынша Сауда және интеграция министрлігі мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ны жиі тыңдауды, ал осы заңды сәтті іске асыру жөніндегі ақпаратты бір жыл өткен соң тыңдауды ұсынады», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар