Сенат ел өңірлерін сұйытылған газбен қамтамасыз етуге арналған құжатты мақұлдады
«Кейінгі кезде елімізде сұйытылған мұнай газына деген ішкі сұранысты қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті болды. Осыған байланысты сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен бүгін қарастырылып отырған Заң әзірленді. Біріншіден, жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын мемлекеттік реттеу белгіленеді. Бұл ретте, жеткізу жоспары бойынша тауарлық газды немесе сұйытылған мұнай газын өткізетін тұлғалар үшін белгіленген шекті бағадан асып кетуге жол бермеу туралы міндеттеме бекітіледі», - деді сенатор Сүйіндік Алдашев.
Сонымен қатар ол өнімді жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газын бөлу тетігі өзгеретінін айтты. Бұл тұрғыда Энергетика министрлігі тиісті ақпараттық жүйе арқылы өзі айқындайтын тәртіппен жеткізу жоспарын қалыптастырады. Ал жергілікті атқарушы органдар Энергетика министрлігі айқындайтын тәртіппен жеткізу жоспары бойынша бөлінген сұйытылған газ көлемін бөлуді бекітеді. Сұйытылған мұнай газын өндірушілер мен меншік иелері сұйытылған газдың жеткізу жоспарын орындауға және бөлінген көлемін таратуға міндетті. Жеткізу жоспары аясында өткізілетін сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығы газ толтыру станциялары мен пункттерінің, топтық резервуарлық қондырғылардың, автогаз құю станцияларының иелерінде, сондай-ақ өнеркәсіптік тұтынушыларда болады.
«Сұйытылған газды өндірушілер үшін сұйытылған газды тек өзінің құю эстакадалары арқылы көтерме сатуды жүзеге асыру міндеті белгіленеді. Бұл ретте, тиісті инфрақұрылымды дайындауды талап ететін бұл норма 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Сұйытылған газды сатып алу құқығы бар тұлғалар үшін де тиісті шектеулер белгіленеді. Осы ретте бір газ толтыру станциясын бір уақытта екі және одан да көп тұлғаның пайдалануына тыйым салынады. Бұдан басқа, газ толтыру станциялары мен пункттерінің иелері үшін сұйытылған газды сақтау, құю жөніндегі өндірістік кешендер объектілерін үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігі алынып тасталады», - деді депутат.
Бұдан бөлек ол тұрмыстық баллондарды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оларға газ құю тек газ толтыру станциялары мен пункттерінде рұқсат етілетінін айтты.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң газ және газбен жабдықтау саласында туындаған қоғамдық қатынастарды қосымша реттеу үшін әзірленгенін айтты.
«Құжаттағы ережелер сұйытылған газбен жабдықтау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Заң аясында кондоминиум объектісін басқарудың жекелеген мәселелерін реттеуге арналған нормалар да бар. Алдағы уақытта заң осы саладағы мәселелерді оң шешуге ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.