Сенат елімізде еңбек жағдайын жақсартуға арналған заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Сенат
Фото: Сенат

- «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) № 131 конвенциясы ең төмен жалақы жүйесін енгізудің халықаралық стандарттарын белгілейді. Бұл Конвенция 1970 жылы қабылданған және оның басты мақсаты – барлық жұмысшылар үшін әділ әрі жеткілікті ең төмен жалақы деңгейін бекіту жүйесін құру. Конвенцияның ережелері ұлттық деңгейде ең төмен жалақыны бекітетін әділетті жүйені енгізу арқылы жұмысшылардың өмір сүру деңгейін арттыруды және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді, - деді сенатор Әсем Рахметова.

Аталған құжаттың ережелері жалақы мөлшерін белгілеу кезінде экономикалық факторлардің ескерілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ең төмен жалақыны белгілеу, қайта қарау кезінде әлеуметтік әріптестік тараптардың міндетті қатысуы көзделеді.

Ең төмен жалақыны бекіту тәртібі келесілерді қамтиды:

• Ең төмен жалақы Үкімет тарапынан немесе арнайы орган арқылы белгіленуі тиіс.

• Жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өкілдері бұл процеске қатысуы керек.

• Белгіленген жалақы міндетті түрде орындалуға тиіс және оны бұзғандарға шара қолданылуы қажет.

- Осы ретте, ҚР Үкіметі № 131 конвенцияның ережелеріне сәйкес 2024 жылғы 20 наурызда Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, ең төмен жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеп, бекітті. Әдістемеге сәйкес, ең төмен жалақы мөлшері екі көрсеткіш – медиандық жалақы және еңбек өнімділігі негізінде анықталады. Бұл тәсіл әлеуметтік әділеттілік пен ең төмен жалақының белгіленген деңгейінің экономикалық негізділігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, ұлттық нормалық-құқықтық актілер қаралып отырған конвенцияның талаптарына сәйкестендірілді. Сонымен бірге, елімізде ең төмен жалақыны Үкімет жыл сайын белгілейді және ол еңбек заңнамасында міндетті норма ретінде қарастырылғанын да атап өткен жөн, - деді депутат.

Еліміз тарапынан № 131 конвенцияны ратификациялау:

- ең төмен жалақыны айқындауға Қазақстанның қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітуге;

- әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын нығайтуға;

- ХЕҰ-ға мүшелік аясында Қазақстанның халықаралық міндеттемелерге бейілділігін растауға мүмкіндік береді.

- Сондай-ақ, елімізде жұмысшылардың әділетті жалақы алуға деген құқығын қамтамасыз етіп, кедейлікпен күресуге және лайықты еңбек жағдайларын орнатуға жол ашады. Заңның қабылдануы теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарларға алып келмейді, - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қыркүйек айында Парламент Мәжілісі ең төменгі жалақыны белгілеу туралы заңды қабылдады.

 

Соңғы жаңалықтар