Сенат Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін 187-конвенцияны қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенцияны (187-конвенция) ратификациялау туралы» Заңын қабылдады. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Бұл Конвенция 2006 жылғы 15 маусымда Женева қаласында Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 95-ші сессиясында қабылданды. Ал бүгінге дейін оны Халықаралық еңбек ұйымына мүше 25 ел, соның ішінде ТМД аумағында Ресей мен Молдова ратификациялаған.
Конвенцияның ережелері өндірістік жарақаттану, кәсіптік ауруға шалдығу және өндірісте адамдардың қаза болу жағдайларының алдын алу мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын жан-жақты және тұрақты реформалауға ықпал ететін институционалдық шаралардың қолданылуын көздейді. Атап айтқанда, еңбекті қорғау саласында ұлттық саясатты, ұлттық жүйені және ұлттық бағдарламаны құру ұсынылады. Бұл ретте әрбір қатысушы мемлекет өзінің ұлттық саясатын әзірлеу кезінде ұлттық жағдайлары мен практикасын ескере отырып, кәсіптік қатерлерді немесе қауіптерді бағалау, ондай қауіптер туындаған жерде оларға қарсы күресу, ақпаратты, консультациялар мен дайындықты қамтитын еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы саласындағы ұлттық профилактика мәдениетін дамыту сияқты негіз қалаушы қағидаттарды ұстануға тиіс.
Ал Қазақстанға келсек, қазіргі таңда аталған Конвенцияны қабылдауға қажетті жағдайлар мен алғышарттар елімізде қалыптасқан. Өйткені, Қазақстанда бүгінгі күні қызметкерлер денсаулығы зақымдануының кәсіби қатер деңгейі өзекті мәселеге айналып барады. Осыған байланысты қазіргі уақытта Үкімет еңбекті қорғауды басқарудың орнын толтырушы, шығынды үлгісінен, өндірістегі қызметкерлердің денсаулығын сақтаудың первентивтік тәсілдерін іске асыруға және қолайсыз еңбек жағдайларымен байланысты шығыстардың барлық түрлерін қысқартуға мүмкіндік беретін жұмыстарды жүргізуде. Бұл кәсіби қатерлерді басқарудың заманауи жүйесіне көшуді білдіреді. Осы мақсатта Халықаралық еңбек ұйымының 187-конвенциясын ратификациялау ұсынылған болатын.
Тұтастай алғанда, Қазақстанға еңбекті қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді қабылдау әлеуметтік жаңғырту қағидаларына жауап береді және бұл Елбасының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталып отыр.
Тоқтала кететін жайт, статистика деректері бойынша елімізде зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 2014 жылдың басында шамамен 376 мың адамды құраған. Яғни, тексерілген жұмыспен қамтылған азаматтардың қатарында әрбір бесінші адам осындай жағдайда жұмыс істейді.