Сенат эндаумент-қорлар туралы заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы» Заңы мақұлданды.

Сенат үлескерлікті реттеп, азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтатын заңдарды қарайды
Коллаж: Kazinform

Заңның мақсаты - нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорларды қалыптастыру және олардың жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз жасау. Құжаттың негізгі міндеттері ретінде нысаналы капитал қорларын құру, басқару әрі тарату, эндаумент-қорларды қалыптастыру, толықтыру, тарату және олардың инвестициялық кірістерін пайдалану, эндаумент-қорлардың активтерін сенімгерлік басқару кезінде туындайтын қатынастарды реттеу анықталады.

- Заңда эндаумент-қорды коммерциялық емес ұйым нысанында құру және оны басқару тетіктері айқындалады. Қорлардың инвестициялық табысын білім беру, ғылым және инновациялық қызмет, бұқаралық спорт, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер көрсету және әлеуметтік саланы қолдау бағыттарына жұмсау көзделеді. Осы ретте, Қордың қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін тұрақты қаржылық қолдау, инвестициялық декларацияға және еліміздің заңнамасына сәйкес эндаумент-қордың активтерін инвестициялау, пайда алушыларға қайырымдылық көмек көрсету үшін қосымша қаражат тарту жөніндегі тетіктер, сондай-ақ нысаналы капитал қоры қызметінің ашық болуы мен есептілігін қамтамасыз ету, салымшылардың заңды мүдделерін қорғау көзделеді, - деді сенатор Алтынбек Нухұлы.

Оның айтуынша, қордың қаржы активтерінің көлемі он мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асқан кезде, нысаналы капитал қоры кәсіби басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына берілуі міндеттеледі. Қордың активтерін басқаруды инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы жүзеге асырады.

- Заңды қабылдау ауқатты азаматтарымыздың әлеуметтік маңызы бар жобаларға инвестицияларды белсенді салуға жол ашады. Ірі инвесторлармен қатар, қарапайым азаматтар да қайырымдылық жобаларына өз үлесін қоса алады. Осылайша, эндаумент-қорлар есебінен тұрақты қаржы көздерін құру - әлеуметтік саланың, ғылымның, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт жүйелерінің дамуын ынталандырады, олардың ұзақ мерзімді бәсекелестігін арттырады және бұл мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді, - деді депутат.

Еске салсақ, биыл Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанға эндаумент қорлар не үшін керек екенін түсіндірген еді.

Соңғы жаңалықтар