Сенат Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп қайта құру туралы құжатты қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп қайта құру туралы құжатты қабылдады

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленді.

«Заң жобасының мақсаты - Конституциялық сотты құру, сайлау процесін жаңғырту және Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата ретінде қайта құру бөлігіндегі саяси реформаларды толыққанды іске асыруды қамтамасыз ету. Жалпы, заң жобасы шеңберінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 15 бабына түзетулер енгізу қарастырылған. Заң жобасында Есеп комитетінің атауын Жоғары аудиторлық палатаға ауыстыру бойынша нақтылайтын түзетулер көзделген», - деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Оның айтуынша, депутаттық корпустың бастамасы бойынша Заң жобасына Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлердегі өкілдерінің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді көздейтін қосымша түзетулер қарастырылған.

Құжатта Конституциялық Соттың төрағасына немесе мүшесіне, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің шарттары мен тәртібін айқындау, Жоғары аудиторлық палатаның әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауы көзделеді.

Заң жобасының күтілетін нәтижелер - әкімшілік сот ісін жүргізуді жүзеге асыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру, әкімшілік істер бойынша бірыңғай сот практикасын белгілеу, сайлау процесінің ашықтығын арттыру.