Сенат Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ұсынылған өзгерістерді ратифкациялады

Сенат Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ұсынылған өзгерістерді ратифкациялады, деп хабарлайды Kazinform.

құжат
Фото: Мухтар Холдорбеков/ Kazinform

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялаудың не үшін қажет екенін сенатор Серік Өтешов баяндады. Оның сөзінше, хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 106 түзету енгізеді. Ол өзгерістердің ең негізгі дегендері мыналар: 

1) Фитосанитариялық сертификаттар мен мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі пайда болады. Қазір бұл құжаттар өзара саудада қағаз күйінде ұсынылып жүр.

2) Бәсекелестік ережелерін сақтау саласында Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімдерін орындамағаны үшін айыппұлдар енгізілмек.
Шарттың қолданыстағы редакциясында айыппұл салу туралы Комиссия шешімдерін және бұзушыны белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттейтін Комиссия шешімдерін орындамағаны үшін жауапкершілік көзделмеген. Ұсынылған түзету Комиссия шешімдерін орындамағаны үшін жазаның қайтымсыздығын қамтамасыз етеді.

3) Демпингке қарсы қайта тергеу тетігі енгізіледі. Егер шетелдік өндіруші тауарларды демпингтік бағамен жеткізгені анықталса, комиссия демпингке қарсы шараларды белгілеуге құқылы. Осы мақсатпен демпингке қарсы қайта тергеу жүргізу тетігі енгізіледі.

«Ұсынылған тетік қазақстандық өндірушілерді үшінші елдер өндірушілерінің жосықсыз сауда тәжірибесінен қорғауға мүмкіндік береді. Төртінші, педагогика және заң қызметі саласындағы жұмыскерлер үшін Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мүше мемлекетінде білім туралы құжаттарды тану жөніндегі талаптар алынып тасталады. Бұл еңбек мигранттарының осы санатын жұмысқа орналастыру кезіндегі шарттарды жеңілдетуге бағытталған», - деді Серік Өтешов.

Өзгерістердің бесінші бағыты Еуразиялық экономикалық одақ органдарының қабылданған актілерінің нақты әсерін бағалауды көздейді.

«Бұл құрал Комиссияның бұрын қабылданған шешімдеріне қатысты нақты әсерді бағалауға мүмкіндік береді. Аталған тетіктерді енгізу бизнесті жүргізу шарттарын қатаңдататын, сондай-ақ кәсіпкерлердің негізсіз шығындарына әкеп соқтыратын артық ережелерді анықтауға және жоюға, бизнесті жүргізу шарттарын жақсартуға және Еуразиялық экономикалық одақ құқығын құрайтын актілердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», - деді сенатор.

Сенат депутаттары дауысқа салу қорытындысы бойынша аталмыш заңды мақұлдау туралы шешім қабылдады.