Сенат ғылыми-технологиялық әлеуетке қатысты заңды мақұлдады

Сенат ғылыми-технологиялық әлеуетке қатысты заңды мақұлдады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында  «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң мен іліспе құжаттар екінші оқылымда қаралып, мақұлданды. 

Биыл 30 мамырда Сенат аталған заңдарды бірінші оқылымда мақұлдады. 

«Негізгі заң – ғылым және технологиялық саясат мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында дайындалған. Заң ғылымды дамыту және оның басқару моделін жетілдіру, ғылыми қызметті мемлекеттік қолдау мен ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шараларын, сондай-ақ ғылым нәтижелерін экономикаға ендіруде бизнесті ынталандыру тетіктерін айқындайды. Ілеспе заң – қолданыстағы Азаматтық, Кәсіпкерлік және Әлеуметтік кодекстердің және 6 заңның кейбір нормаларын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңына сәйкестендіруге, платформалық жұмыспен қамту әрі мемлекеттік бақылау мәселелерін одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген», - деді сенатор Алтынбек Нухұлы.

Оның айтуынша, Салық кодексіне – ғылымның дамуын ынталандыру, ғылыми-техникалық қызмет пен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында бизнеске салық бойынша және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. 

«Қорыта айтқанда, заңдар күшіне енген соң, отандық ғылымның ел экономикасын дамытуға және елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға қосатын үлесінің өсуі ескерілген. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тұрақты комитеттерінен заңдар бойынша ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ», - деді депутат.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мәліметіне қарағанда, заңдар ғылымды басқару моделін жетілдіруге, Ғылым қорының қызметін регламенттеуге, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған құқықтық нормаларды қамтыды, сондай-ақ ғылыми инфрақұрылымның негізгі элементтерін, ғылыми ұйымдарды қаржыландыру тәртібін, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне олардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламаларын іске асыруда жәрдемдесу шараларын айқындайды.

Соңғы жаңалықтар