Сенат халық денсаулығына қатысты кодекс жобасын Мәжіліске қайтарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы мен ілеспе заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талқылау барысында сенаторлар тарапынан ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып, құжат Мәжіліске қайтарылды.

Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қаралған кодекс пен ілеспе заң жобасы отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.

«Кодекс жобасы Сенаттың барлық комитеттерінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер айтылды. Соған сәйкес, Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзетулер енгізді. Олар, ең алдымен, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Аталған кодекс жобасы ұлт денсаулығын нығайтумен қатар, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау сияқты бірқатар маңызды басымдықтарды қамтиды. Алдағы уақытта бұл құжат отандық медицинаның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар