Сенат халықтың мүліктік құқықтарын қорғауды жетілдіруге бағытталған заңды қабылдады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екі оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары бастамашылығымен дайындалды. Заң жобасының басты мақсаты - күзет қызметтерін көрсету сапасын арттыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы саладағы қолданыстағы заңнаманың қайшылықтарын жою. Заң жобасы Еңбек кодексіне, «Күзет қызметі туралы», «Ішкі істер органдары туралы» мен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға түзетулер енгізуді қарастарады.
«Күзет қызметінің сапасын арттыру және маңызды объектілер мен террористік тұрғыдан осал объектілердің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға түзету енгізілді. Атап айтатын болсақ, қауіпті өңдірістік, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерде, білім беру, ірі сауда орталықтары, әкімшілік ғимараттар сияқты көпшілік көп шоғырланатын объектілерде қызмет жасау үшін жоғары талаптарға сәйкес келетін күзет ұйымдарына рұқсат беру ұсынылады. Мұндай күзет ұйымдарда жоғары материалдық жабдықтар, жедел әрекет ету топтары, орталық басқару пульты және тәжірибелі мамандар болу қажет», - деді Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында.
Осыған байланысты күзет қызметімен айналысуға арналған лицензия екі кіші түрге бөлінеді. Бірінші кіші түрі тек қана террористік тұрғыдан осал объектілерге жатпайтын объектілерді күзетуге құқық береді. Екінші кіші түрі бойынша – күзет қызметінің барлық түрлерін, соның ішінде террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуге болады. Осылайша лицензиялық іріктеу объекттік қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
Жалпы отырыста құжатты екінші оқылымда қарау кезінде сенатор Ләззат Сүлеймен заң жобасы күзет қызметтерін көрсету сапасын арттыруға, азаматтардың, заңды тұлғалардың мүліктік және жеке құқықтарын қорғауды жетілдіруге, тиісті нормаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіруге бағытталғанын атап өтті.
«Жеке күзет ұйымдары азаматтар мен заңды тұлғалғалардың өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдарға белсенді көмек көрсетіп келеді. Ұсынылатын нормалар күзет қызметтерінің сапасын арттыру, стратегиялық, аса маңызды объектілер мен террористік тұрғыдан осал объектілердің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету үшін күзет қызметімен айналысуға арналған лицензияға талапты күшейтуге бағытталған. Жоғарыда аталған қызмет түрлерімен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне талап күшейтілмек», - деді Л. Сүлеймен.