Сенат Ыстықкөлдегі еліміздің меншік құқықтарын реттейтін құжаттарды қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар 1 халықаралық хаттама мен 2 келісімді қарайды.

Сенат
Фото: Kazinform/ Canva/ senate.parlam.kz

Ең алдымен күн тәртібіне Сенат депутаты Н.С.Байқадамовтың өкілеттігін тоқтату туралы мәселе шығарылады.

Одан кейін сенаторлар «2006 жылғы 4 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектiлерiне Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын талқылайды. Бұл құжаттарды Мәжіліс 2025 жылдың 29 желтоқсанында қабылданған еді.

Ыстықкөл, суға шомылу, демалыс орындары
Фото: Кабар

- Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы аумағында Қазақстанның меншігі ретінде танылған келесі 4 санаторий жұмыс істеп тұр. Олардың арасында: Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы қарамағындағы «Қазақстан» санаторийі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Самал» демалыс үйі, «Университет» спорттық-сауықтыру лагері, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің «Олимп» демалыс базасы бар, - деген еді сол кезде Қаржы министрі Мәди Такиев.

Тараптардың объектілер бойынша өзара іс-қимылдары, екі елдің Үкіметтер деңгейінде жасалған төмендегі халықаралық шарттар аясында жүзеге асырылады:

– біріншіден, «2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының меншiк құқықтарын реттеу туралы» Келiсiм.

– екіншіден, «2009 жылғы 1 желтоқсандағы жер учаскелерін жалға беру туралы» Шарт.

Бұл Келісім және Шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысымен бекітілген. Екі жақты қатынастардың өзекті мәселелерінің бірі – 4 курорттық-санаторлық кешенге қатысты халықаралық шарттар бойынша қазақстандық тараптың міндеттемелерді орындауы.

Сонымен қатар «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талқыға салады. Бұл заңды Мәжіліс 4 ақпанда қабылдады.

Моңғолия
Фото: Монцамэ

Келісім ЕЭАО елдері мен Моңғолия арасында 367 тауарларға қатысты импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді. Келісім 3 жылға жасалады және тағы 3 жылға автоматты түрде ұзартылады. Құжат техникалық, сонымен қатар санитарлық, фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, ішкі нарықты қорғау шаралары сияқты басқа да сауда мәселелерін қамтиды.

Сенаттың жалпы отырысы аясында БАҚ өкілдеріне арналған брифингтер өткізу жоспарланған. Оның барысында сенаторлар Нурия Ниязова мен Шәкәрім Бұқтұғұтов және Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.

Айта кетейік, өткен аптада Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында сенаторлар креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері жөніндегі заңды мақұлдады

Депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ұлттық мәдениет саласын заман талаптарына сай жаңғыртуды көздейді.

— Аталған заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасау қажеттігін атап өткен болатын. Ұсынылып отырған заң осы тапсырманы іске асыруға бағытталған. Заңның мақсаты — елімізде креативті индустрияны дербес әрі экономикалық маңызы бар сектор ретінде қалыптастыру, сондай-ақ шығармашылық әлеуетті экономикалық айналымға тарту үшін институционалдық және құқықтық негіздерді айқындау. Бұл ретте креативті индустрия экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және шағын әрі орта бизнестің дамуына ықпал ететін перспективалы бағыт ретінде қарастырылады, — деді заң бойынша баяндама жасаған сенатор Айгүл Қапбарова.

сенатор
Фото: senate.parlam.kz

Аталған заңмен «Мәдениет туралы», «Кинематография туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мәліметіне қарағанда, «Мәдениет туралы» заңға мынадай негізгі нормалар енгізіледі:

— тұжырымдамалық аппарат кеңейтіледі (креативті индустриялардың жұмыскері мен субъектісінің анықтамалары, сондай-ақ есепке алудың онлайн-платформасы және қолдау ретінде креативті индустриялар субъектілерінің тізілімі енгізіледі);

— креативті индустриялар құқықтық реттеу саласына енгізіледі, мәдени және креативті қызмет туралы ережелер нақтыланады;

— мәдениет саласындағы уәкілетті органның тізілімді қалыптастыру және жүргізу, мемлекеттік мәдениет ұйымдарының мүлкін жалға алу қағидаларын бекіту, сондай-ақ мемлекеттік қоса қаржыландыру кезінде жеке инвестицияларды тарту мониторингі жөніндегі құзыреті айқындалады;

— әкімдіктерге креативті индустриялардағы кәсіпкерлік арқылы өзін-өзі танытуы және таланттарды дамыту үшін жағдай жасау жөнінде өкілеттіктер беріледі;

— креативті индустрия жұмыскерлерінің құқықтары бекітіледі (ақпаратты қорғау, үшінші тұлғаларды тарту, кәсіби бірлестіктерге қатысу, мәдени ұйымдарға қол жеткізу);

— ұйымдастырушылардың шетелдік ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді олар өткізілгенге дейін 30 жұмыс күні бұрын келісу міндеті белгіленеді, келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды;

кинематограф, кино, сериалы
Фото: pexels.com

Бұдан бөлек, «Кинематография туралы» заңға мынадай нормалар енгізіледі:

— фильмге прокаттау куәлігін алуға өтінішті қарау мерзімін 7-ден 30 жұмыс күніне дейін ұлғайту;

— уәкілетті органның заңда белгіленген белгілерді анықтау және фильмді көрудің жас санатын айқындау үшін сараптама комиссиясының фильмге прокатқа дейінгі сараптама жүргізуі, сондай-ақ мұндай комиссияның ұйымдастырылу және жұмыс істеу тәртібін айқындауы.

– Қаралған заң еліміздегі креативті индустрия саласын реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, саланы қолдауға бағытталған бірқатар жаңа тетіктер енгізіліп отыр. Сонымен қатар өкілетті органның құзыреттері нақтыланып, қосымша міндеттер жүктелді. Жалпы, заң еліміздің креативті экономика секторының одан әрі дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді отырысты қорытындылаған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар