Сенат қала құрылысын жоспарлағанда туындайтын мәселелерге арналған жобаға бірқатар түзету енгізді
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Парламенті Сенатының бүгінгі жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қала құрылысын жоспарлаған, жер учаскелерін бөлген, құрылысты жобалаған және салған кезде су қорғау және табиғат қорғау тәртібін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасының негізгі мақсаты қала құрылысын жоспарлаған, жер телімдерін бөлген, құрылысты жобалаған кезде және салған кезде су мен табиғатты қорғау тәртібін сақтау мәселелері бойынша, нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру және ретке келтіру болып табылады. Сонымен бірге, заң жобасында табиғи қорғалатын аумақтардағы елді мекендерде құрылыс салу үшін жер телімдерін бөлгендегі рұқсат беру шешімдерін жетілдіру шаралары қамтылатын болады. Бұдан басқа, аталмыш бағыттағы заң нормаларын бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту шаралары көзделіп, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі арта түседі. Жалпы алғанда заң жобасымен еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Жер және Су кодекстеріне, «Мемлекеттік кәсіпорын туралы», «Шаруа қожалығы туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтыру енгізіледі.
Құжатты талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған жобаға бірқатар түзетулер енгізу қажеттігі туындады. Атап айтар болсақ, сенаторлар жекелеген нормалардың аудармасын нақтылауға қатысты мемлекеттік тілдегі мәтінге түзету енгізді. Бұл ретте заң жобасының орыс тіліндегі мәтіні өзгертілген жоқ. Сондай-ақ, жобаның 19-бабы жаңа тармақшамен толықтырылды. Осы тармақша құрылыс жобаларының мемлекеттік сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлғаны айқындайтын болады.