Сенат қауіпсіздік және арнаулы меморгандардағы қызмет туралы заңды Мәжіліске қайтарды

сенат
Фото: Kazinform

Сенат заңнамаға қауіпсіздік және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет туралы өзгеріс енгізетін заңды екі оқылымда қарап, Мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Kazinform

Құжаттың толық атауы — Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң.

Заңға екінші оқылымда қорытынды жасаған Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Мәжіліс қабылдаған заңға бірнеше бағыт бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтты.

Олар:

— адам құқығы мен бостандығын шектеуге қатысты нормаларды Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына сәйкестендіру;
— алдын ала тергеу үлгісінде аяқталған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату, олардың жауапкершілік аймақтарын айқындау, үш буынды модельді ендіруді көздейтін нормаларды қолданысқа енгізу мерзімін ауыстыру;
— мемлекеттік құпиялардан тұратын мәліметтерді беру тәртібін айқындау құзыретін белгілеудегі қайталанатын нормаларды алып тастау;
— Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты ерікті дактилоскопиялық тіркеуді енгізу бөлігінде нормаларды нақтылау;
— Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелеріне сәйкес келтіру.

«Баяндалғанды ескере келе, Заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және Заңның көрсетілген баптарының жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады», — деді ол.

Сенаторлар бұл ұсынысты қолдап, заңның жекелеген баптарын мақұлдамады.

Осылайша заң жаңа редакциясымен Мәжіліске қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар