Сенат қазақ-қырғыз одақтастығын тереңдететін заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат «Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады

Құжатты таныстырған сенатор Дархан Қыдырәлі құжатқа Қырғыз Президентінің Қазақстанға 2024 жылдың сәуірінде жасаған сапары кезінде қол қойылғанын еске салды.
— 22 баптан тұратын, көршілес елдер арасындағы барлық бағыттағы одақтастықты жан-жақты тереңдетуді көздейтін Шарт саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, әскери-техникалық, қауіпсіздік, өңіраралық ықпалдастық, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, су ресурстары, энергетика, экология, білім беру, мәдени-рухани салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған, — деді депутат.
Шартта Жоғары Мемлекетаралық Кеңес аясында және Қазақстан Парламенті мен Қырғыз Республикасы Жогарку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық Кеңес шеңберінде байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылған.
— Шартты ратификациялау — өңірдегі саяси диалогты, экономикалық-әлеуметтік, гуманитарлық байланыстарды және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды дамыту арқылы көршілес екі елдің ырысты ынтымағына берік негіз болады деген ойдамыз. Осыған байланысты, Шарт елдеріміздің мүдделеріне сай келеді деп пайымдаймыз, — деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кету керек, қырғыз тарабы ратификация рәсімдерін 2024 жылдың желтоқсанында аяқтаған.
Бұған дейін Қазақстан мен Қырғыз Республикасы шекара маңындағы агроөнімдер саудасын жандандыруға пейілді екенін жазған едік.