Сенат «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған 90-нан астам заңды қабылдады - Қ. Тоқаев

Жиын барысында спикер ағымдағы жылы жоспарланған барлық шаралар толығымен атқарылғанын атап өтті. Қ. Тоқаевтың айтуынша, Елбасы айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы міндеттер аясында Сенат халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған 90-нан астам заңды қабылдаған. Олардың қатарында үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесін, әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіруді көздейдін заңдар бар. Сонымен қатар, бірқатар халықаралық келісімдер ратификацияланып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру мен өткізуді қарастыратын арнайы заңдар да қабылданған.
«Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Индустрияландыру картасының таныстыру барысында шағын және орта бизнестің дамуын стратегиялық маңызды мәселе екендігін атап өтті. Бұған қоса жекеменшік институтының даму деңгейі төмен екендігін және бұл саладағы құқықтық негізді жетілдіру қажеттігін ескерткен болатын. Президент бизнестің дамуына тосқауыл болып отырған заңдарды қайта қарау қажеттігіне назар аударды», - деген палата спикері Мемлекет басшысы қойған міндеттердің сенаторларға қатысты екендігін айта келе, Елбасының тапсырмаларын депутаттардың қалтқысыз орындайтынына сенім білдірді.