Сенат Қазақстан мен Арменияның қос азаматтықпен күрес жөніндегі құжатты мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды. 

Сенат Қазақстан мен Арменияның қос азаматтықпен күрес жөніндегі құжатты мақұлдады
Фото: polisia.kz

Құжатқа Мемлекет басшысының Арменияға ресми сапары барысында 2024 жылғы сәуір айында қол қойылды.

— Келісімде көші-қон, азаматтардың құқықтарын қорғау, оның ішінде мемлекеттердің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ақпараттық өзара іс-қимыл жасау саласындағы ынтымақтастық ескерілген. Ратификациялауға ұсынылып отырған құжат аясында мемлекеттер статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпарат алмасу, мемлекеттердің аумақтарындағы азаматтар туралы мәліметтермен алмасу, сондай-ақ көші-қон саласында туындайтын мәселелер бойынша тәжірибе алмасу және нақты көмек көрсету бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырады, — деді сенатор Марат Қожаев.

Бұдан бөлек, қаралып отырған құжат аясында заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттер азаматтарының тұрғылықты жері бойынша тіркеу, арнайы, уақытша және тұрақты тұру мәртебесі жөніндегі ақпаратпен алмасуға мүмкіндік жасалады. Мұндай мәліметтер қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет.

— Сонымен қатар, құжатта ынтымақтастық жасау нысандары нақты белгіленеді. Келісім мүдделі жақтың жәрдем көрсету туралы сұрау салуының негізінде жүзеге асырылады, оны орындау уақыты 30 күн мерзімінен аспауы тиіс. Сұрау салу құжатында көрсетілетін мәліметтер тізбесі мен оны орындау тәртібі де нақты айқындалады.

Мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін немесе заңнамасы мен халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін деп ұйғарылса, қатысушы мемлекеттер сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуға құқылы, — деді депутат.

Шартты іске асыратын құзыретті органдар ретінде:

— Қазақстан жағынан — Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;

— Армения жағынан — Ішкі істер министрлігінің полиция мен Көші-қон және азаматтық қызметі белгіленген.

Армян тарапы Келісімді 2025 жылғы 30 сәуірде ратификациялады. Бүгінде осындай екі жақты келісім бірқатар елдермен жасалған, яғни олардың арасында Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекістан, Қытай Халық Республикасы бар. Келісімді ратификациялау көші-қон саласындағы бақылауды арттырып, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

Еске салсақ, жақында ҚР Ішкі істер министрлігі қос азаматтық үшін жазаны қатаңдатуға қатысты түсінік берген еді.

Соңғы жаңалықтар