Сенат Қазақстан мен ДДҰ арасында ынтымақтастықты дамытуға қатысты құжатты мақұлдады

ддұ
Фото: pharmprom.ru

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform.

Аталған келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биылғы 23-ші мамырда Женевада қол қойылды.

Заңның негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту. Бұл ретте, Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясын Астана қаласында ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау ескерілген.

«Келісімнің нормалары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 73-ші сессиясын өткізуге байланысты аталған ұйым ұсынатын материалдық-техникалық ресурстарды, көрсетілетін қызметтерді және құқықтық мәртебені айқындауды қарастырған. Нәтижесінде еліміз халықаралық ұйым жағынан сараптамалық, әдіснамалық және техникалық қолдау алады, Ұлттық денсаулық сақтау жүйесін халықаралық стандарттарға сай дамытады. Сондай-ақ, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді енгізуге және медициналық мамандар даярлауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», - деді сенатор Ақмарал Әлназарова.

Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі және Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі 53 елді қамтитын Еуропалық аймаққа кіреді.

«Осыған орай Келісім негізінде елімізде биылғы 24-26 қазан аралығында 53 елден келген 600-ден астам денсаулық сақтау саласының делегаты қатысқан халықаралық деңгейдегі саяси-әлеуметтік іс-шара өтті. Келісімді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясы өткеннен кейін Ратификациялау, қолданыстағы заңнамаларға қарама қайшы келмейді. Себебі, Келісімнің 17-бабының 2-тармағына сәйкес, шарт ережелерін құжатқа қол қойылған күнінен бастап және уақытша негізде күшіне енгенге дейін қолдануға жол беріледі. Заңды қабылдау, теріс және өзге де жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды», - деді депутат.

Атап айтқанда, биыл 23 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ДДҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесусты және ұйымның Еуропадағы өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгені қабылдады

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы жылы 25 қазанда Астанада ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясы барысында Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ Еуропа бюросының арасында 2024-2025 жылдарға арналған екі жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Соңғы жаңалықтар