Сенат Қазақстан мен Қытай арасында азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы заңды мақұлдады

қазақстан қытай
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан мен Қытай арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

«Заң арқылы 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау ескерілген. Хаттамаға 2023 жылғы 17 мамырда Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында қол қойылған. Жалпы, Хаттаманың негізгі мақсаты – екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың тәртібін тағы бір мәрте нақтылау. Атап айтқанда, Хаттамамен құқықтық көмек көрсету кезіндегі Тараптардың қарым-қатынас тәртібін анықтайтын шарттың 2-бабына өзгерістер енгізіледі. Өзгерістерге сәйкес, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген кезде, Тараптардың орталық мекемелерінің қатары Қазақстан жағынан – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қытай Халық Республикасы тарапынан – мемлекеттің Жоғарғы Халық Сотымен толықтырылады», - деді сенатор Амангелді Толамисов.

Осылайша, Хаттамамен өзара қарым-қатынас жасайтын орталық мекемелер ретінде Қазақстан тарапынан Жоғарғы Сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі айқындалған болса, Қытай жағынан Әділет министрлігі, Жоғарғы Халық прокуратурасы және Жоғарғы Халық Соты белгіленген. Сонымен қатар Хаттамамен шарттың тараптары орталық мекемелері өзгерген жағдайда ол туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етуге міндеттеледі.

Шартқа енгізілген өзгерістер екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының жеке және мүліктік құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін тезірек шешуге ықпал етеді.

«Сондай-ақ, азаматтарға құқықтық даулар мен басқа да құқықтық мәселелер туындаған жағдайда қажет құжаттарды рәсімдеу мен басқа да құқықтық көмек алуларына негіз болады. Мысалы, статистикаға тоқталатын болсақ, 2022-23 жылдары аралығында құқықтық көмек көрсету бойынша екі ел арасында 76 өтініш түсіп, сұрау жіберілді. Оның ішінде Қытай тарапынан - 10, Қазақстаннан - 66. Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстан алыс және жақын шет мемлекеттерімен азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы 17 халықаралық шартты ратификациялаған. Аталған халықаралық шарттарды іске асыру барысында туындаған қажетті өзгерістер екі жақтың келісімімен осындай хаттамалар арқылы енгізіліп отырады», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар
telegram