Сенат Қазақстан мен Қытай арасында авиация саласындағы құжатты мақұлдады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң екі елдің азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға арналған. Осы құжат арқылы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздеу және құтқару мәселелері реттеледі. Келісімді ратификациялау екі елдің азаматтық ұшақтарды іздеу және құтқару кезіндегі бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Бұл келісімге 2019 жылғы 11 қыркүйекте Бейжің қаласында қол қойылған болатын. Келісім бойынша іздеу-құтқару операцияларын ұйымдастыру және орындауда өзара іс-қимылдың нақты алгоритмін көздейді. Әр тарап өз ауданында азаматтық әуе кемелерін іздеу және құтқару қызметтерінің жауапкершілігін, олардың тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеді. Келісім авиациялық оқиға туралы өзара хабарлау және екінші тараптан көмек сұрау туралы міндетін көздейді. Тараптар өздерінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде болған шығыстарды өздері көтеретін болады. Құжат аясында екі мемлекеттің құзыретті органдары мен іздеу, құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту көзделген», - деді сенатор Сүйіндік Алдашев.
Мұндай ынтымақтастыққа іздеу және құтқару бойынша бірлескен оқу-жаттығулар, мемлекетаралық байланыс арналарын жүйелі түрде тексеру, іздестіру әрі құтқару жөніндегі сарапшылардың өзара сапарлары, іздестіру-құтқару ақпараты мен тәжірибе алмасу кіреді.
«1992 жылы Қазақстан Республикасы ратификациялаған Халықаралық Азаматтық авиация туралы конвенция аясында көршілес екі мемлекет арасында авиациялық іздеу және құтқару саласындағы іс-қимылдарды үйлестіру үшін келісім жасау ескерілген. Осы Конвенцияны ұстана отырып, Қазақстан көрші елдермен белгіленген бағыттағы ынтымақтастықты қалыптастырып келеді. Айтар болсақ, 2017 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасындағы авиациялық іздеу және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды. Былтыр Қырғыз Республикасымен арада осындай келісімге қол қойылды», - деді Сүйіндік Алдашев.