Сенат Қазақстан мен Ресейдің Каспий теңізінің солтүстігіндегі кен орнын бірлесе зерттеу туралы келісімін қарайды

Аталған келісім Қазақстан мен Ресейдің, олардың уәкілеттік тұлғалары арасындағы «Құрманғазы» (Қазақстан) кен орнын, «Центральный» және «Хвалынское» (Ресей) кен құрылымдарын, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін бірлесіп игеру бойынша қызметтің құқықтық негіздерін бекітеді. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, 2015 жылы екі ел басшылары Центральный геологиялық құрылымын жете барлау құқығын бөлу жөніндегі өзгерістерді қамтыған хаттамаға қол қойған болатын. Центральныйдың құрылымы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Ақтау қаласының оңтүстік батысына қарай 150 шақырым, Астрахан қаласынан 440 шақырым қашықтықта Ресей секторында орналасқан. Жұмыс учаскесіндегі су тереңдігі 350-500 метрді құрайды. Ресей тарапының алдын ала деректері бойынша құрылымда 90 млн. тонна мұнай, соның ішінде С-1 санаты бойынша - 6 млн тонна, С-2 санаты бойынша 84 млн тонна мұнайды құрайды.
«Келісімдегі өзгерістер Ресейдің Жер қойнауын пайдалану жөніндегі федералдық агенттігінің бірлескен кәсіпорынына «Нефтегазовая Компания Центральная» ЖШҚ жете барлау жүргізуге лицензия алуға уәждемелік бас тартуға қатысты болып отыр. Ресей заңнамасына сәйкес, жете барлау бөлігінде шектеулер белгіленген. Атап айтқанда, геологиялық зерттеулерге қатысты жалпы мерзімі мен барлады ұзарту мүмкіндігін қарастырмайды және бес жыл мерзімге беріледі. Осыған байланысты хаттамаға өзгерістер енгізіліп отыр. Тұтастай алғанда, Центральный құрылымын игеру Каспий теңізінің солтүстік бөлігін игеру кезіндегі геологиялық ақпараттар алуға, қазақстандық кадрлар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді Ә. Мағауов.
Заң жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.