Сенат Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы Азаматтық қорғаныс туралы келісімді қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Келісімге 2014 жылдың 6 қыркүйегінде Алматы қаласында қол қойылған. Келісімнің мақсаты Қазақстан мен Тәжікстан елдерінің құзыретті органдарының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайларының алдын алу мен оларды жою саласындағы ынтымақтастық негіздерін айқындау болып табылады.
Бұл ретте тараптардың біреуінің күштерімен, құралдарымен жойылмайтын төтенше жағдайлардың пайда болуын назарға ала отырып, тараптардың біреуінің аумағында төтенше жағдайлар орын алған кезде осы келісімді жүзеге асыруға құқықтық негізді қамту көзделеді. Аталған келісімнің күшіне енуі төтенше жағдайларға мониторинг және болжау жасауға, тәжірибе алмасуға, екі мемлекеттің оқу орындарында мамандарды даярлауға өз септігін тигізеді.
Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.