Сенат Кеден кодексін қолданысқа енгізу туралы заңды қабылдады
аусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы» заңын қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Аталған заң «Қазақстан Республикасының кеден ісі туралы» Кодексінің жобасын іске асыру және қолданысқа енгізу мақсатында әзірленген. Осыған орай, құжатпен Кеден кодексін, сыртқы экономикалық қызметтің жекелеген қатысушылары үшін оның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізудің кезеңділігі және өтпелі ережелердің болуы ескеріле отырып, 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап қолданысқа енгізу көзделеді.
Бұл ретте сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін өтпелі ережелер Кеден ісі туралы кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін кеден органында кедендік декларациясы қабылданған (тіркелген) тауарлар кеден органы осы кедендік декларацияны қабылдаған күнгі кеден одағына қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттармен мәлімделген кедендік режиммен орналастыруға жатады.