Сенат қымбат дәрі-дәрмекке қол жеткізу проблемасын шешуге бағытталған заңды мақұлдады

Қазақстан дәрі-дәрмек нарығында импортқа қаншалықты тәуелді
Фото: egemen.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

«Қарастырылып отырған заң зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері бойынша келісімге толықтыру енгізілетін хаттаманы ратификациялауға бағытталған. Бұл Хаттама Дүниежүзілік сауда ұйымының Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісіміне (ТРИПС келісімі) толықтырулар енгізуді қамтиды. Хаттамаға сәйкес дәрілік заттарды экспорттау мақсатында мәжбүрлеп лицензиялауды кеңейтілген түрде қолдану тәртібі айқындалады. Бұл тетік фармацевтика секторында өндірістік қуаты жеткіліксіз Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше елдердің қымбат дәрі-дәрмектерге қол жеткізу проблемасын шешу үшін әзірленген. Хаттама ДСҰ мүше мемлекеттерге төтенше жағдай кезінде дәрілік заттар бойынша өндірістік қуаты жеткіліксіз болған жағдайда мемлекетті дәрілік препараттардың қажет көлемімен қамтамасыз ету және көмек алу үшін ДСҰ-ның басқа мүшелеріне жүгінуге құқық береді. ДСҰ елдерінің мүшелері патент иесіне міндетті түрде өтемақы төлемей, халықтың денсаулығына елеулі қатер төнген жағдайларда дәрілік препараттардың түпнұсқа көшірмелерін өндіреді немесе әкеле алады», - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Осы Хаттаманы ратификациялау басқа мемлекеттерге көмек көрсету үшін бірегей дәрілік препаратқа шетелдік патентті пайдалана отырып, Қазақстанда дәрілік препараттар өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, эпидемия жағдайында Қазақстан бұл тетікті ДСҰ-ның басқа мүшесі мәжбүрлі лицензия бойынша өндіретін қымбат тұратын дәрілік препараттарды импорттау үшін пайдалана алады.

«Хаттаманы ратификациялау дәрілік заттарды өндіру кезінде зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелерін жетілдіру үшін құқықтық жағдайлар жасауға мүмкіндік береді, Қазақстан халқының денсаулығын қамтамасыз етуді және сапалы дәрілік препараттарды емін-еркін алу мүмкіндігін кеңейтеді», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар