Сенат Кипрмен арада сотталған адамдарды беруге қатысты заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Бұл келісімге 2024 жылғы 25 наурызда Астана қаласында қол қойылды.
- Келісімге сәйкес тараптар бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған адамдарға қатысты жазаны немесе оның жазасының қалған мерзімін өз мемлекетінде одан әрі өтеу үшін бір-біріне сотталған адамдарды беруге міндетеледі. Қазақстан тарапынан сотталған адамдарды беру туралы шешімнің орындалуына жауапты құзыретті орган ретінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы белгіленеді. Құжатта сотталған адамдарды беру және одан бас тарту үшін нақты негіздер көзделген, - деді сенатор Советбек Медебаев.
Сотталған адамдарды беру мына шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады:
- өтелуге тиісті жазаның қалған мерзімі кемінде алты айды құраса немесе үкім белгіленбеген мерзімге шығарылса;
- сотталған адамның келісімі болса;
- үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік оны орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс саналса;
- үкімді шығарушы да, орындаушы да тараптар сотталған адамды беруге келіссе.
- Егер үкім шығарушы тарап сотталғанды беру өзінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе, сотталған адам үкім бойынша залалды өтемесе, үкім шығарушы тарапта беруге тиіс адамға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса, беруден бас тартылуы мүмкін. Сонымен қатар айта кететін ереже, Келісімнің 19-бабында Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес, екінші Уағдаласушы тарапты тиісті түрде хабардар ете отырып, сотталған адамға қатысты кешірім, рақымшылық жасай алады немесе жазаны жеңілдете алатындығы көзделген, - деді депутат.
Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстан сотталған адамдарды беру туралы 20-дан астам мемлекетпен келісім жасаған (олардың ішінде – Үндістан, Түркия, Иран, Израиль, Италия, Испания, Венгрия және т.б. бар).
Еске салсақ, былтыр наурыз айында Астанада Кипр Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.