Сенат көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу туралы заңды қабылдады
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда мақұлдап,
құжатты қабылдады.
Құжат Мемлекет басшысының еліміздегі құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін артыру жөніндегі Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте көлік құралдарын мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу жөніндегі функцияларды бәсекелестік ортаға беру көзделеді. Сондай-ақ заң жобасының негізгі мақсаты механикалық көлік құралдарына міндетті техникалық байқауды ұйымдастыру мен өткізу үдерісін жетілдіру болып табылады. Ұлттық көлік заңнамасын халықаралық құқыққа сәйкес келтіру нормалары көзделеді.
Құжат нормаларына сәйкес, бұл жұмыспен техникалық байқау орталықтарының тізіліміне көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган енгізген техникалық байқау орталықтары айналысатын болады. «Заң жобасындағы басты жаңалықтың бірі - көлік иесі өз көлігінің қай қалада тіркелгеніне қарамастан техникалық байқауды қайда өткізетінін еркін таңдай алады. Сондай-ақ техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің болуы көлік құралдарының техникалық байқаудан өтуіне мониторинг жүргізуге, көлік салығын төлеу жөніндегі қолданыстағы жүйені сақтауға мүмкіндік береді», - дейді Көлік және коммуникация министрі Әбілқазы Құсайынов.