Сенат көлік мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Аталған құжаттың мақсаты көлік қызметін мемлекеттік реттеу жүйесін және тасымалдау үдерісін жетілдіру болып табылады. Сондай-ақ құжат бойынша көлік саласындағы құқықтық олқылықтарды жою және ұлттық көлік заңнамасын халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келтіру қарастырылған. Заң жобасының үкіметтік нұсқасында 280 түзету қамтылды. Мәжілістегі талқылау барысында оның үстіне 353 түзету енгізілді. «Қазіргі уақытта автокөлік саласының алдында тұрған ең өткір мәселенің бірі автокөлік жолдарын салу және қайта жаңарту болып табылады. Бұдан бөлек автокөлік қатынасына байланысты жер телімдерін сатып алу мәселесі де өзекті. Мысалы, 2007-2009 жылдар аралығында осындай жер телімдерін сатып алуға бюджеттен 11 млрд. теңге жұмсалды. Осыларды ескере келе заң жобасында жер учаскелерін беру тәртібі нақтыланады. Атап айтқанда, жол бойында орналасқан мемлекеттік меншіктегі жер телімдері тек уақытша пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек заң жобасында автожолдарға бөлінген жолақтарда жол сервис нысандарын салуға тыйым салатын түзетулер енгізіліп отыр», деді Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбеков.
Бұдан бөлек түзетулер халықаралық, қалааралық қатынаста автобустармен жолаушыларды тасымалдауға лицензия енгізуді қарастырады. Жолаушыларды темір жолмен тасымалдауларды басқарудың жол жүру билеттерін сату бойынша автоматтандырылған жүйесіне пайдаланушылардың қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, темір жол вокзалдарының қызметін ұйымдастыруға, ұлттық теңіз тасымалдаушысын айқындауға бағытталған нормалар қамтылып отыр. Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы, екінші оқылымға әзірлеу үшін Экономикалық және өңірлік саясат комитетіне тапсырылады.