Сенат комитеті бұқаралық іс-шаралар өткізу барысындағы қауіпсіздікке қатысты заң жобасын талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылым бойынша талқылады.
Еске салайық, құжат спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шараларын ұйымдастыруға, өткізуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталады. Мәселен, ондай шараларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құратын болады. Олар шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Жеке тұлғалардың мәдениет, дене шынықтыру, спорт саласындағы құқықтары мен міндеттері айқындалып, олардың шараларға баруы кезіндегі тыйым салулары мен шектеулері кеңейтіледі. Осыған байланысты жеке тұлғаларға аталған шаралардағы мінез-құлықтың, жүріс-тұрыс қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі. Бұдан бөлек, бұқаралық шаралар өткізілетін орындарға алкоголь өнімдерін, сонымен бірге, металл және шыны құтыдағы, пиротехникалық және басқа да адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген заттар мен өнімдерді әкелуге тыйым салынады. Сонымен қатар, шаралар өткізілетін уақытта әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған, сол секілді жеке тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін плакаттарды, эмблемаларды, транспоранттарды және өзге де көрнекті заттарды пайдалануға тыйым салынады. Бұндай тыйым салуларды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Талқылаудан соң комитет заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару туралы уағдаласты.