Сенат комитеті ЕурАзЭҚ елдерінің ортақ сақтандыру нарығы құру туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді
АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының Бюро отырысы болды. Онда Мәжілісте мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттері мен палата Аппаратына бөлініп берілді.
Бюрода «Микроқаржы ұйымдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын одан әрі пысықтау үшін Қаржы және бюджет комитеті бас комитет болып белгіленді.
«Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу де осы комитетке тапсырылды.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын одан әрі зерделеуге Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті бас комитет болып белгіленді.