Сенат комитеті «Ғылым туралы» заң жобасын талқылады

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Cенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда комитет депутаттары «Ғылым туралы» заң жобасын талқылады.

Сенат комитеті «Ғылым туралы» заң жобасын талқылады

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған аталған құжат Мемлекет басшысының Парламенттің сессиясын ашу барысында жүктеген тапсырмасын, сондай-ақ 2009 жылғы қыркүйекте ғылым жөніндегі кеңесте алған қойған міндеттерді шешу мақсатында әзірленген болатын. Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, құжат қоғам талабына жауап беретін, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа ұлттық ғылым жүйесін құрудың құқықтық негізін айқындайды.

Құжат негізінде ғылымды басқарудың мүлдем жаңа моделі ұсынылады. Бұл басты екі құрамдас бөліктен тұрады. Біріншіден, шешім қабылдаудың барлық кезеңіндегі ғалымдар рөлі айрықша көтеріледі. Жаңа жүйе ғылым жүйесінің барлық қатысушыларының функцияларын оңтайландырады және артық бюрократиялық басқаруға жол бермейді. Бұдан бөлек, заң жобасы ғылымды басқару жүйесіндегі стратегиялық, әкімшілік және сараптамалық функцияларды нақтылауды қарастырады. Бұл үшін жоғары ғылыми техникалық комиссияның функциялары кеңейтіліп, Ұлттық ғылыми кеңестерге жіті назар аударылады. Бұлар жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдардан құрылып, жобалар мен бағдарламалардың орындалуы туралы түпкілікті шешім қабылдайтын болады. Сонымен қатар, заң жобасында мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы құрылатыны көзделеді. Орталық жобалар мен бағдарламаларды тәуелсіз, кәсіби бағалауды қамтамасыз етеді.

Комитет мүшелері заң жобасын палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.