Сенат комитеті қаржы пирамидаларының жолын кесуге бағытталған құжатты талқылады
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Еске сала кетейік, аталған құжат бұған дейін Сенаттың жалпы отырысынлда бірінші оқылымда талқыланған болатын.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының аумағында қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметінің жолын кесу және оған тыйым салу жөніндегі шаралар кешенін қарастырады. Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленген. Бұл ретте құжат арқылы қаржылық пирамидалардың жолын кесу, оны болдырмау бойынша шаралар кешенін қабылдау, бастысы, Қазақстан аумағында олардың қызметіне заңнамалық деңгейде тыйым салу көзделеді. Атап айтқанда, қаржылық пирамидалар құрғаны, оның қызметін ұйымдастыруға, оны басқаруға қатысты қылмыстық жауапкершілік қамтылады. Ал қаржылық пирамидалардың қызметін жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Сондай-ақ заң жобасымен қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың ұғымын нақтылау қарастырылады. Ондай қызметтердің жарнамалануына заңнамалық негізбен тыйым салынатын болады.
Сенат комитеті құжатты палатаның жалпы отырысына шығару туралы қаулы қабылдады.