16:03, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Сенат комитеті Кеден одағы аясында демпингке қарсы шаралар қолдану туралы келісімді талқылады
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Жиында сенаторлар «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған келісім Үшінші елдердің кедендік аумағынан шығарылатын және Кеден одағы мемлекеттерінің (Беларус Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы) кедендік аумағына арналған өспелі, демпингтік және субсидияланатын тауарлар импортына байланысты туындайтын өзара қарым-қатынастарды анықтайды. Сондай-ақ келісімнің 3-бабына сәйкес, тауарларды импорттау кезінде арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізуде тиісті тергеулер жүргізіледі. Сонымен бірге, құжатқа сәйкес, тараптар мемлекеттерінің экономика саласындағы елеулі залалдарын жою барысында «арнайы қорғау шараларын» қолданатын болады. Заң жобасында бұндай арнайы қорғау шараларының қолдану мерзімі 4 жылдан аспауы тиіс екендігі көрсетілген. Осы бағытта туындаған даулар қатысушы мемлекеттер арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешілетін болады. Ондай келіссөздерде даулар өз шешімін таппаса Еуразиялық экономикалық қоғамдастық сотының қарауына жіберіледі. Келісім 2007 жылғы қазанның 6-сында Душанбе қаласында қол қойылған Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға, олардан шығуға және оған қосылуға бағытталған Халықаралық шарттардың күшіне ену тәртібі туралы хаттамаға сәйкес күшіне енеді.
Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болып келісілді.