Сенат комитеті ҚР Жоғарғы сотының судьяларын тағайындау туралы мәселені қарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ҚР Жоғарғы Сотының судьялары қызметіне тағайындаулар туралы мәселе қаралды.
ҚР Жоғарғы Сотының судьялары қызметіне Абай Рахметулинді және Бейбіт Шермұхаметовты тағайындау туралы Қазақстан Президентінің ұсынымын Жоғарғы Соты Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров оқып берді.
Оның айтуынша, Жоғарғы Сот судьяларына ұсынылған кандидатуралар сот саласының тәжірибелі қызметкерлері болып табылады. Ұсынылғандардың судьялық еңбек өтілі жеткілікті, жоғары білікті және тәжірибесі мол қызметкерлер болып отыр.
«Абай Жамбылұлы Рахметулин 1965 жылы туған, Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Ол адвокаттық қызметтен бастап, аудандық және облыстық сот судьяларына дейінгі қызмет лауазымдарынан өткен. 22 жылдық еңбек өтілі бар. 2012 жылдан бері Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы», - деді Е. Әбдіқадыров.
Бейбіт Бекмұхаметұлы Шермұхаметов 1962 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында, сот жүйесінде түрлі басшылық қызметтер атқарған. Бүгінгі таңда ҚР Бас прокуратурасы Сот актілерінің заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы қызметін атқарады.
Талқылаудан соң сенаторлар екі кандидатураға да қолдау білдіріп, мәселені палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.