Сенат комитеті өңірлік тұрақтандыру қорларын құруға бағытталған жобаны талқылады

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың табиғатты пайдалану және ауылдық ауқмақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Сенат комитеті өңірлік тұрақтандыру қорларын құруға бағытталған жобаны талқылады

Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

Еске сала кетейік, аталған заң жобасына Парламенттің бір топ депутаты бастамашылық жасаған болатын. Құжаттың мақсаты азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану үшін заңнамалық база құру болып табылады. Бұл ретте Тұрақтандыру қоры маусымаралық кезеңде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің агроөнеркәсіптік нарығына реттеушілік ықпал жасайтын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын, сондай-ақ астықты қоспағанда, азық-түлік тауарларының жедел қорын білдіреді. Бұл қор сақталу мерзімі 6 айдан асатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бойынша қалыптасатын болады.

Сонымен бірге, заң жобасымен өсімдіктерді қорғаудың инновациялық әдістерін енгізуді көздейтін нормалар енгізілді. Осыған орай, республикамызда қолданылатын отандық өндіріс гербицидтерінің ассортименті өте аз екендігін ескере отырып, Мәжіліс депутаттары шығатын еліне қарамастан гербицидтердің барлық түрлерін субсидиялауды ұсынған болатын.

Құжат алдағы уақытта Сенаттың жалпы отырысының талқысына шығарылатын болады.