Сенат комитеті рұқсат беру жүйесіндегі проблемаларды шешуге бағытталған жобаны талқылады
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес заң жобасы Қазақстанның рұқсат беру жүйесінің бірқатар жүйелі проблемаларын шешуге бағытталған. Атап айтқанда, заң жобасында рұқсаттар мен хабарламалардың толық тізбесі белгіленеді. Жаңа рұқсаттар мен хабарламаларды енгізгенге дейін және енгізгеннен кейін реттеушілік әсерді талдау қарастырылады. Бұдан бөлек, құжатта реттеу объектісінің қауіптілік дәрежесі бойынша рұқсаттар мен хабарламаларды санаттау көзделіп отыр. Ол бойынша бірінші санаттағы рұқсаттар - лицензиялар, екінші санаттағы рұқсаттар - барлық қалған рұқсаттар, хабарламалар болып жіктелмек.
Бұдан бөлек, заң жобасымен кәсіпкерлік қызмет субъектілерімен басқа да тұлғалардың қызметтің немесе әрекеттердің жекелеген түрлерін жүзеге асырудың рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртіптерінің белгіленуіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу саласындағы құқықтық негіздер белгіленеді.
Сонымен қатар заң жобасында хабарлама жасау тәртібін енгізудің және оның күшін жоюдың шарттары мен тәртібі толық регламенттелген. Бұл ретте «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңнан хабарламалар туралы ұқсас нормалар алып тасталған.
Сонымен қатар, рұқсаттар және хабарламалар енгізу мен олардың күшін жою тәртібін регламенттеу осы заң жобасының принципті жаңалығы болып табылады.
Сондай-ақ комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасымен 79 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Онда рұқсат беру құжаттарының санын қысқарту, рұқсат беру құжаттарын беру рәсіміне ұсынылатын талаптарды нақты регламенттеу шаралары көзделген. Сондай-ақ, құжат бизнесті жүргізуге кедергілерді жою, рұқсат беру және хабарлама жасау рәсімдерін жүзеге асыруды автоматтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нормаларды енгізу арқылы рұқсат ету жүйесін реформалауға бағытталған.