Сенат комитеті заңсыз кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимылды қамтитын заң жобасын талқылады

Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Конституциялық Кеңес Үкіметке заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңды құқықтық позицияға сәйкес келтіруді қарастыратын заң жобасын Парламентке енгізу туралы ұсыныс жасаған болатын.
Соған орай, заң жобасымен заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы құжаттардағы олқылықтарды жою көзделеді. Сонымен қатар, құжат бойынша бірқатар операциялардың шекті сомаларының мөлшерін ұлғайту қарастырылады. Атап айтқанда клиенттің басқа тұлғаның пайдасына ақысыз негізде жүзеге асыратын төлемдері мен ақша аударымдары 2 млн. теңгеден 6 млн, теңгеге, мәдени құндылықтарды сатып алу-сату, елімізге әкелу немесе әкету 7 млн. теңгеден 30 млн. теңгеге дейін, қаржылық лизинг келісімі бойынша мүлік алу немесе беру 7 млн. теңгеден 30 млн. теңгеге дейін, міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын және басқа мүлікпен мәмілелер 45 млн. теңгеден 150 млн. теңгеге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, құжат бойынша қаржылық мониторингке жататын тізімді қысқарту да көзделеді.
Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.