Сенат комитеті Жамбыл облысында жастар тақырыбы бойынша көшпелі отырыс өткізді
АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің делегациясы Жамбыл облысына жұмыс бабындағы сапармен келді.
Сенаторлар аймақтағы өндірістік және әлеуметтік нысандарда, жоғары оқу орындарында болып, еңбек ұжымдарымен, жастар ұйымдарының өкілдерімен және оқушы жастармен кездесті. Аймақта болған жүздесулерде сенаторлар жұртшылықты Мемлекет басшысының жастарды қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындау жөніндегі Парламентте атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Жоғарғы палатадағы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары Тараз қаласында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы»заңының іске асыру барысы және республикадағы жастар саясатының жай-күйі мен құқықтық қамтамасыз етудің жетілдіру туралы көшпелі отырыс өткізді.
Шараға Парламенттің және облыстық мәслихаттың депутаттары, орталық және жергілікті органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Көшпелі отырысты аша келіп, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов Президент Н.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы мен Назарбаев Университетіндегі интерактивтік лекциядан бастау алатын мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.
А.Бижанов қуатты және өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған әлеуметтік жаңғырту үдерістеріндегі жастардың маңызды рөлін атап өтті.
«Қазіргі кезде Мемлекет басшысы жастар ісін дамыту жөніндегі мемлекеттік органдардың алдында төрт негізгі бағыт белгіледі. Олар - жастар қол жеткізе алатын сапалы білім, лайықты еңбекқысы бар тұрақты жұмыс, отбасын құру үшін өз баспанасы және саламатты өмір салтын ұстану мүмкіндігі болуы», - деп атап өтті сенатор.
Сонымен бірге Сенат комитетінің төрағасы «біздің алдымызда мемлекеттік жастар саясатын жөніндегі заңнаманы әлеуметтік жаңғырту жағдайларына сәйкестендіру міндеті тұр», - деп атап көрсетті.
Жастардың өткір мәселелерін зерделеуде Парламентте қарқынды жұмыстар жүргізіліп, қолданыстағы заңдар топтамасына талдау жасалды және оны одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленуде. Көшпелі отырыстың, депутаттар кездесулерінің мен қабылдаулар қазақстандық жастарды қолдау және мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыстардың маңызды бөлігі,-деді А.Бижанов.
Шараға қатысқан Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев, Сенат депутаты В.Редкокашин, білім және ғылым министрінің орынбасары М.Сарыбеков, «Нұр Отан» ХДП Жастар қанатының өкілі Е.Құралбаев, студент А.Әбдуәлиева және мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру туралы ойларын ортаға салып, жан-жақты пікір алмасты. Көшпелі отырыс барысында айтылған мәселелер заң шығару барысында ескерілетін болады.
Көшпелі отырысқа Сенат депутаттары Ж.Ерғалиев, С.Жалмағамбетова, Ғ.Есім қатысты.