Сенат комитеті жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заң жобасын талқылады
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда сенаторлар «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заң жобасын талқылады.
Еске салсақ, заң жобасының мақсаты - жеке басты куәландыратын құжатты рәсімдеу, беру, ауыстыру, өткізу, алып қою және жою талаптарын белгілеу. Құжат еліміздегі жеке басты куәландыратын құжаттардың құқықтық негізін айқындауды көздейді. Сонымен қатар, заң жобасында жеке басты куәландыратын сипаттағы құжатқа анықтама бірегейлендіріледі. Бұдан бөлек, жеке басты куәландыратын құжаттар түрлерінің тұтастай тізбелері анықталады. Құжаттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның құзыреті айқындалады. Атап айтқанда, заң жобасы бойынша азаматтық құқықтық келісімдерді жасайтын Қазақстан азаматының төлқұжаты мен жеке куәлігі, шетелдіктің тұруға құқық беретін және республикада тұрақты тұратын азаматтығы жоқ азаматтың жеке куәлігі, шетелдік азаматтың шекаралық төлқұжаты секілді құжаттардың тізімі айқындалып отыр. Еліміздің құзырлы орындары берген бұл құжаттар мемлекеттің меншігі болып заң жүзінде бекітілмек. Сонымен қатар, оларды беру және жарамсыз деп танудың негіздері дәйектелген.
Сенатта талқылау барысында заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, заң жобасына Қазақстанның Қылмыстық-іс жүргізу кодексінде қарастырылған жағдайларда жүргізуші куәлігі мен әскери билетті жеке басты куәландыратын құжаттар ретінде тану туралы толықтыру енгізу көзделіп отыр. Құжат палатаның қарауына жіберіледі.