Сенат комитеті жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияны талқылады
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Онда «Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияны және Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияға Авиациялық жабдық жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Құжат алдағы уақытта палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.
Аталған Конвенция мен оның Хаттамасы біртұтас құжат ретінде қарастырылатын болады. Бұл ретте конвенцияда жылжымалы жабдықтың жекелеген санаттарына қатысты және құқықтық нысандармен байланысты халықаралық кепілдіктердің тәртібі мен олардың туындау салдары айқындалады.
Ал құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат - қазіргі заманғы әуе кемелерін сатып алу немесе олардың лизингі жөніндегі мәмілелерді қаржыландыратын кредиторлардың тәуекелін төмендету болып табылады. Бұдан бөлек, авиациялық техниканы өндіруші елдердің сарапшылық-кредиттік агенттіктерінің кепілдігімен қазақстандық авиакомпаниялар үшін заманауи әуе кемелерін қаржыландыру құнын төмендетуге қажетті жағдайлар қамтылу қарастырылады.