14:38, 23 Ақпан 2010 | GMT +5
Сенат комитетінде балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы заң жобасы қаралды
АСТАНА. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасына негіз болған конвенцияның мақсаты баланы шетелдік асырап алған кезде баланың негізгі құқықтарын сақтау және оның мүдделеріне сай қажетті кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
Конвенцияда баланы шетелдік асырап алу кезінде қойылатын талаптар, осындай асырап алуды тану фактісі және оның салдары белгіленген. Баланы шетелдік асырап алу мәселелері жүктелетін орталық органдар жұмысының қағидалары айқындалған. Сондай-ақ уәкілетті органдарға олар белгілі бір міндеттерді орындауға құзіретті болған жағдайларда өкілеттіктер беру мүмкіндіктеріне жол беріледі.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды.