Сенат комитетінде баланың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы қаралды
Заң жобасының мақсаты балаларды әлеуметтік ортаның теріс ықпалынан қорғаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ құқық қолдану практикасының басымдықтарын жазалау-қуғындау шараларынан профилактикалық және қорғау функцияларына қарай өзгерту болып табылады.
Заң жобасымен еліміздің Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне, сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Заң жобаларымен аталған заңнамалық актілерге:
- ұрлық жасағаны (175-баптың екінші, үшінші бөліктері), тонағаны (178-баптың екінші, үшінші бөліктері) және қорқытып алғаны (181-баптың екінші, үшінші бөліктері) үшін адамның қылмыстық жауаптылығы туындайтын жасын (14 жастан 16 жасқа дейін) өзгерту;
- кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар немесе нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің санкцияларын қатайту;
- кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды жасағаны, айналысқа енгізгені, таратқаны, жария көрсеткені немесе жарнамалағаны үшін, сол сияқты он сегізге толған адамның порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысу үшін орындаушылар ретінде кәмелетке толмағандарды тартқаны үшін қылмыстық жауаптылықты белгілеу бөлігінде түзетулер енгізіледі.
Депутаттардың сауалдарына ішкі істер министрінің орынбасары А.Кулинич жауап берді. Тұжырымдамалық тұрғыда мақұлданған заң жобасы палата қарауына жіберілетін болды.