16:05, 04 Наурыз 2010 | GMT +5
Сенат комитетінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізіндегі Жамбыл облысындағы учаске (1 көлік дәлізі) туралы заң жобасы талқыланды
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінде «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы учаске] [«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарлама - 2-жоба) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды,
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
2009 жылғы 3 желтоқсанда Астанада қол қойылған Келісімнің мақсаты Жамбыл облысы аумағынан өтетін ұзындығы 79 шақырым дәліз бөлігін жаңғырту және жөндеу жұмыстарын, жол пайдалану қызметінің 4 кешенін қаржыландыру үшін займ беру болып табылады.
ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы учаске] [«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарлама - 2-жобасын жүзеге асыру еліміздің көлік әлеуетін дамытып, халықаралық транзит дәлізінің қазақстандық бөлігіндегі қозғалыс жиілігін елеулі арттырады және транзиттік жүктердің айналымын ұлғайтады.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды.