Сенат комитетінде бірқатар халықаралық келісімдер қаралды
АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «2000 жылғы 19 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер Кабинетінің арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Заң жобасының мақсаты екі мемлекет азаматтарының өзара сапарларының тәртібін реттеу болып табылады. Хаттамаға сәйкес, бір тарап мемлекетінің азаматтары шетелге жол жүруі үшін жарамды құжаттарының негізінде баратын мемлекеттің шекарасын бірінші рет кесіп өткен күннен бастап 180 күн ішінде 90 күнге дейін мерзімде екінші тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, транзитпен өте алады, кете алады және бола алады.
Сондай-ақ Қазақстан мен Украина азаматтары үшін өзара негізде бір тарап мемлекетінің азаматары екінші тарап аумағына келген күнінен бастап 90 күннен аспайтын мерзімде екінші тарап мемлекетінің аумағында құзіретті органдарда тіркеуден босатылады.
Одан басқа, сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер Кабинетінің арасындағы 2010 жылғы 14 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Украинадағы және Украинаның Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерін орналастыру шарттары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Бұл Хаттаманың мақсаты Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту болып табылады. Осы Хаттамамен Келісімнің 4-бабына өзгеріс енгізіледі. Соған сәйкес Тараптар өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Украинадағы және Украинаның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ғимаратына инженерлік желілерді және коммуникацияларды (сумен, жылумен жабдықтау, кәріз, электр энергиясы, байланыс және басқаларды) тартуды жүзеге асырады.
Заң жобалары палатаның қарауына ұсынылды.