Сенат комитетінде бірқатар заң жобалары қаралды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Келісімнің мақсаты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы ынтымақтастық кезінде құпия ақпараттарды қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Келісім он жеті бапта мазмұндалған, құжатта оның мақсаты мен іске асыру барысында қолданылатын терминдер мен анықтамалардың мән-мағынасы берілген, құпия ақпаратты қорғау шаралары туралы ережелер және Келісімнің күшіне ену тәртібі көзделіп отыр.
Келісімге қатысушы тараптар үшін маңыздылық дәрежесін ескере келгенде, онда құпия ақпараттарды қорғау шаралары, атап айтқанда, көшірме жасау, көбейту, жою және құпия ақпаратты беру мәселелері де реттелген.
Сондай-ақ Сенат депутаттарының назарына Қазақстан мен Әзербайжан Үкіметтері арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да ұсынылды.
Келісімнің мән-мағынасы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, апат және басқа да ауыртпалық жағдайында ерікті түрде және өзара көмек көрсетуге мамандарды оқыту саласындағы екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тәртібін белгілеу болып табылады.
Құжатта оны іске асыру барысында қолданылатын терминдер мен анықтамалары да беріліп отыр. Өзара іс-қимылдың құзыретті органдары белгіленіп, тараптар ынтымақтастығының түрлеріне назар аударылды. Келісім аясындағы ынтымақтастық түрлері ақпарат және тәжірибе алмасу, бірлесе жоспарлау және басқа да сипатта болуы мүмкін.
Комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы, Қарулы Күштері және Мемлекеттік күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да қаралды.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң жобасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы адамдардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз етуге арналған. Заң жобасында Ұлттық ұланның міндеті мен өкілеттігі, оның құрамы мен қызметін ұйымдастыру нақты айқындалған. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы жедел стратегиялық орган ретінде жауынгерлік және жұмылдыруға әзірлік шараларын ұйымдастырады және жүзеге асырады, басқа әскерлермен және әскери құрылымдармен өзара іс-қимылды іске асырып, нормативтік ережелер әзірлейді және бекітеді.
Ұлттық ұланда қызмет етудің ерекше сипатына орай әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік кепілдіктер мен тұрғын үй құқықтары да заңда көрініс тапты.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң жобасының ережелері мен бірқатар заңнамалық актілердің жекелеген ережелерін сәйкестендіру мақсатында ілеспе заң жобасында түзетулер көзделіп отыр.
Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.